Қазақстан құрама командасы жаңа бапкер Станимир Стойловтың баптауымен алғашқы ойынын өткізді. Жолдастық кездесу болса да, жерлестеріміз жеңіске жетіп, жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады. Жеңіске сусап қалған құрамамыздың бұл ойыны, сонымен қатар бірнеше рекордты жаңартты.
Соңғы төрт жылдың көлемінде Қазақстан футболына жаңа леп ала келген болгариялық бапкер Станимир Стойлов «Астана» клубындағы қызметінен кетіп, ұлттық құраманың тізгінін ұстағаны белгілі. Құрама алғашқы жолдастық кездесуді Венгрия командасымен өткізді. Қазақстан құрамасы 2014 жылы өткен жолдастық ойында 3:0 есебімен ойсырай жеңілген еді. Міне, араға төрт жыл салып қайта кездескенде 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Ойынның өзі біз үшін сәтті басталды. Бауыржан Исламхан көтерген бұрыштамадан Роман Мұртазаев есеп ашты. Араға төрт минут салып Бахтиер Зайнутдинов есепті еселей түсті. Бұл құрамаға енді ғана қосылған жас футболшының дебюттік ойынындағы тұңғыш голы болды. Жалпы, айта кетуіміз керек Қазақстан құрамасының қатарына алына салып, ә дегеннен гол соққан футболшылар саусақпен санарлық. Олар Бақтияр Байсейітов, Нүркен Мәзбаев, Владимир Нидергаус, Виктор Зубарев секілді санаулылар ғана. Ал олардың қатарына бұл ойында тек Зайнутдинов қана емес, Еркебұлан Сейдахмет те еніп отыр.
Кездесудің 21-минутында алғыр шабуылшы Адам Салай гол салған соң, Сейдахмет те бір серпіліп, қақпаға допты дәл бағыттаған болатын. Ойынның жарты сағаты өте берген тұста есеп 1:3 болып, біздің пайдамызға жазылып тұрды. Жақында ғана ресейлік клубтың қатарына ауысқан Сейдахмет туралы «Егемен Қазақстан» газеті алғашқылардың бірі болып репортаж берді. Газет тілшісі арнайы Башқұртстандағы «Уфа» клубының ойынын тамашалап, Еркебұланмен сұхбаттасып қайтқан еді. Жұрт жақтаған жас жігіт құрамаға алына салып, бірден өзінің ерек ойыншы екенін көрсете білді. Ендігі бар үміт осылай өсіп келе жатқан жастарда екенін жалпақ жанкүйер кешегі ойыннан анық сезді-ау деп отырмыз.
Одан бөлек Станимир Стойлов Могомед Парагульгов, Юрий Перцух секілді жастарды да алаңға шығарып, бір тексеріп алды. Бұл дегеніміз, бұрынғы жеңілістерді ұмытқан, жеңімпаздық рухы бар жаңа құрама команда жасақталып жатыр дегенді айғақтайды. Болгариялық бапкер енді бүгін тағы бір сыннан өтпек. Венгрия жерінде өтетін келесі ойында отандастарымыз Станимирдің жерлестеріне қарсы тұрады. Болгария құрамасы біз Венгрияны ұтқан күні Босниямен ойнап жеңіліп қалды. Демек алдағы ойын қазақ футболшыларының қарымын көрсетеді.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»